Басты бетҚазақстан Республикасы Құрылтайының қызметін шаруашылық қамтамасыз ету департаментінің регламенті

Қазақстан Республикасы Құрылтайының қызметін шаруашылық қамтамасыз ету департаментінің регламенті

1-тарау. Жалпы ережелері

 

1. Осы Қазақстан Республикасы Құрылтайының қызметін шаруашылық қамтамасыз ету департаментінің регламенті (бұдан әрі – Регламент) Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына, Президенттің, Үкіметтің актілеріне және өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өзіне жүктелген функцияларды орындау процесінде Қазақстан Республикасы Құрылтайының қызметін шаруашылық  қамтамасыз ету департаменті (бұдан әрі – ШҚД) қызметінің жалпы қағидаларын белгілейді.

2. Осы Регламентте белгіленген талаптар ШҚД-ның және оның ведомстволық бағынысты кәсіпорындарының барлық жұмыскерлеріне қолданылады.

3. Құпия емес іс жүргізуді ұйымдастыру және оны жүргізу, хат-хабарларды қабылдау, өңдеу және тарату, оның ішінде электрондық құжат айналымын жүргізу Кадр жұмысы және құжаттамалық қамтамасыз ету басқармасына (бұдан әрі –КЖҚҚБ) жүктеледі және Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде, Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларымен (бұдан әрі – Қағида) айқындалатын тәртіппен жүзеге асырылады.

Құпия іс жүргізуді ұйымдастыру және жүргізу Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.

4. ШҚД басшысының орынбасарлары олардың арасында міндеттерді бөлу және олардың өзара алмасымдылығына сәйкес құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты кәсіпорындарының жұмысын үйлестіреді  және бақылайды.

 

2-тарау. ШҚД-ның жұмысын жоспарлау

 

5. ШҚД өз қызметін жоспарлауды ШҚД-ның жылдық жұмыс жоспары (бұдан әрі – Жұмыс жоспары)  негізінде жүзеге асырады.

6. Жұмыс жоспарының жобасын КЖҚҚБ ШҚД-ның құрылымдық бөлімшелерінің ұсыныстары негізінде қалыптастырады,  ол жоспарланған кезең басталғанға дейін 25 (жиырма бес) жұмыс күні бұрын ұсынылады.

7. ШҚД-ның жұмыс жоспарының жобасы жоспарланған кезең басталғанға дейін 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде ШҚД басшысына бекітуге ұсынылады.

8. Жұмыс жоспары:

1) ШҚД-ның құзыретіне кіретін мәселелерді қозғайтын заңнамалық және өзге де нормативтік құқықтық актілерді;

2) ШҚД туралы ережеде көзделген міндеттер мен функцияларды іске асыру мақсатында жасалады.

9. Жұмыс жоспары:

1) орындалуы тиіс іс-шаралардың реттік нөмірлері мен атауларды;

2) іс-шараларды орындау мерзімдерді;

3) іс-шаралардың орындалуына жауапты құрылымдық бөлімшелерді (орындаушыларды және бірлескен орындаушыларды);

4) өзге де нақтылайтын мәліметтерді (қажет болған жағдайда) қамтиды.

10. ШҚД басшысы бекіткен жұмыс жоспарын орындаушылар мен іс-шараларды бірлесіп орындаушылардың назарына КЖҚҚБ ЭҚЖ арқылы жеткізеді.

 

3-тарау. ШҚД-ның кеңестері

 

11. ШҚД-ның аппараттық және тақырыптық кеңестері ШҚД басшысымен/оны алмастыратын тұлғамен/ ШҚД басшысының орынбасарларының төрағалық етуімен өткізіледі.

12. Аппараттық кеңестерді ұйымдастыру, хаттамаларды жүргізу және ресімдеу КЖҚҚБ-ға жүктеледі. Аппараттық кеңестің өткізу күні «Битрикс 24» цифрлық жүйесінде, қатысушыларды бір мезгілде хабардар ете отырып, орналастырылады.

13. Тақырыптық кеңестерді ұйымдастыруды мүдделі құрылымдық бөлімшелер жүзеге асырады. Бұл ретте «Битрикс 24» цифрлық жүйесінде тиісті ақпарат орналастырылады, оның ішінде кеңестің өткізу форматы, шақырылғандар тізімі, күн тәртібі көрсетіледі, тақырыптық кеңеске арналған материалдар дайындалады, сондай-ақ қатысушылардың кеңеске уақтылы келуі немесе қосылуы ұйымдастырылады. Хаттаманы жауапты құрылымдық бөлімше рәсімдейді.

14.  Аппараттық кеңеске ШҚД басшысының орынбасарлары, құрылымдық бөлімшелердің басшылары, ведомстволық бағынысты кәсіпорындардың басшылары және кеңесте төрағалық етушінің келісімімен басқа да адамдар қатысады.

15. Хаттамалық тапсырмалардың орындалуын бақылау қаралатын мәселенің сипаты ескеріле отырып, ШҚД басшысының орынбасарларына, КЖҚҚБ-ға және ШҚД құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына жүктеледі.

16. Ұсынылған ақпараттың нақтылығы, дұрыстығы, орындылығы үшін құрылымдық бөлімшелердің және ведомстволық бағынысты кәсіпорындардың басшылары жауапты болады.

4-тарау. Кіріс және шығыс хат-хабарларды ресімдеу, өткізу, қарау

 

17. Мемлекеттік органдардың хат-хабарлары белгіленген үлгідегі электрондық құжаттардың тиісті бланкісін пайдалана отырып мемлекеттік тілде (қажет болған жағдайда орыс тіліндегі нұсқасы қоса беріледі) ресімделуі және ЭЦҚ-мен куәландырылуы тиіс.

18. Ведомстволық бағынысты кәсіпорындардың хат-хабарлары электрондық құжаттардың белгіленген үлгідегі тиісті бланкісін пайдалана отырып мемлекеттік тілде (қажет болған жағдайда орыс тіліндегі нұсқасы қоса беріледі) ресімделуі, көлемі бір интервал арқылы 3 (үш) парақтан аспайтын және қаріп мөлшері 14 Times New Roman электрондық құжат форматында (docx, xlsx, pdf) болуы және ЭЦҚ-мен куәландырылуы тиіс. Көлемі 3 (үш) парақтан асатын ақпарат ілеспе хатқа жеке қосымшамен ресімделеді.

19. ШҚД басшысының қарауына мемлекеттік органның бірінші басшысы, оны алмастыратын тұлға (міндеттерді жүктеу туралы бұйрықтың көшірмесі қоса беріле отырып), оның орынбасарлары, аппарат басшысы, оның орынбасарлары және ведомстволық бағынысты кәсіпорынның бірінші басшысы қол қойған хат-хабарлар жолданады.

Өзге тұлғалар қол қойған хат-хабарлар міндеттердің бөлінуіне және өзара алмастырылуына сәйкес ШҚД басшысы орынбасарларының қарауына жолданады. 

20. КЖҚҚБ күн сайын жұмыс күндері мыналарды қабылдайды:

1) электрондық түрдегі қызметтік хат-хабар сағат 9.00-ден 17.00-ге дейін. Көрсетілген уақыт өткеннен кейін түскен құжаттар келесі жұмыс күні қабылдауға жатады;

2) қағаз және электрондық түрдегі «қызмет бабында пайдалану үшін» қызметтік хат-хабары сағат 9.00-ден 16.00-ге дейін. Көрсетілген уақыт өткеннен кейін түскен құжаттар келесі жұмыс күні тіркеуге жатады;

3) жеке және заңды тұлғалардың электрондық түрдегі өтініштері сағат 10.00-ден 18.30-ға дейін. Көрсетілген уақыт өткеннен кейін түскен өтініштер келесі жұмыс күні қабылданады.

Бұл ретте жеке және заңды тұлғалардың ШҚД-ға сағат 16.00-ден кейін қағаз түрінде келіп түскен өтініштері электрондық форматқа цифрландырылады және келесі жұмыс күнінен бастап есепке алынуға жатады.

21. Құжатты дайындаған орындаушының тегі, инициалы, телефон нөмірі, электрондық мекенжайы бір парақтан аспайтын электрондық құжаттың бірінші парағының немесе бір парақтан көп болатын соңғы парақтың төменгі сол жақ бұрышына қойылады (мысалы: Оспанов А.А., тел. 740000, A.Ospanov@dho.gov.kz).

22. «Қызмет бабында пайдалану үшін» деген белгісі бар қағаз хат-хабарға құжатқа қоса берілетін құжаттардың әр беті орындаушының және өзге де мүдделі тұлғалардың  қолымен куәландыруға тиіс.

23. Қағидалар мен осы Регламенттің талаптарын бұза отырып ресімделген кіріс хат-хабарлары қабылданбайды және (немесе) сол күні тиісті мемлекеттік органға және ведомстволық бағынысты кәсіпорынға кері қайтарылады.

24. Шығыс хат-хабар электрондық құжаттардың белгіленген үлгідегі елтаңбалық бланкісін пайдалана отырып мемлекеттік тілде (қажет болған жағдайда орыс тіліндегі нұсқасы қоса беріледі), қаріп мөлшері 14 Times New Roman электрондық құжат форматында (docx, xlsx, pdf) ресімделуі және ЭЦҚ-мен куәландырылуы тиіс.

25. ШҚД-ның құрылымдық бөлімшелері басшыларының ведомстволық бағынысты кәсіпорындарға жетекшілік ететін бағыт бойынша әртүрлі сипаттағы хат-хабарларды (сұрау салулар, тапсырмалар, ескертпелер, хабарламалар және т.б.) жіберуге құқығы бар.

26. Осы Регламенттің талаптарын бұза отырып ресімделген шығыс хат-хабарлар тіркелуге жатпайды және КЖҚҚБ сол күні орындаушыға қайтарады.

5-тарау. Тапсырмалардың орындалуын бақылау

 

27. Бақылаудағы құжаттардың уақтылы және сапалы орындалуына жауапкершілік ведомстволық бағынысты кәсіпорындардың бірінші басшыларына, ШҚД құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына, сондай-ақ жекелеген лауазымды адамдарға жүктеледі.

Ведомстволық бағынысты кәсіпорындарға берілген тапсырманың орындалуын үйлестіруді ШҚД басшысының жетекшілік ететін орынбасары мен жетекшілік ететін құрылымдық бөлімшелері жүзеге асырады.

28. Тапсырмаларды бірнеше орындаушы орындаған кезде атауының тұсына «(жинақтау)»  деген белгі қойылған орындаушы, осы белгі болмаған жағдайда – бірінші көрсетілген орындаушы жауапты болады. Бақылауға орындау мерзімдері белгіленген немесе бақылауға жататын құжаттар, оның ішінде актілер, тапсырмалар, хаттамалар, сұрау салулар, өтініштер және өзге де құжаттар алынады.

29. КЖҚҚБ құжаттардың уақтылы орындалуына бақылауды жүзеге асырады. Бақылаудағы құжаттардың, ШҚД басшылығы тапсырмаларының уақтылы, сапалы және толық орындалуына жауапкершілік құрылымдық бөлімшелер мен ведомстволық бағынысты кәсіпорындардың басшыларына жүктеледі.

30. ШҚД басшысы мен оның орынбасарларының хаттамаларындағы хаттамалық тапсырмаларды орындау мерзімі кеңес өткен күннен бастап есептеледі. Егер кеңесте нақты тапсырманы орындау мерзімі аталған жағдайда, өз атына тапсырма берілген тиісті құрылымдық бөлімшелер мен ведомстволық бағынысты кәсіпорындар өздеріне кеңес хаттамасының түсуін күтпей, кеңестен кейін тапсырмаларды дереу орындауға кірісуге міндетті. 

31. Бірлескен орындаушылар ШҚД басшысы мен оның орынбасарларының тапсырмаларын (хаттамалары, актілері, қарарлары және өзгесі) орындау кезінде өз ұсыныстарын, жинақтауды жүзеге асыратын жауапты орындаушыға, егер тапсырмада өзгеше белгiленбесе, оларды орындау мерзiмi аяқталғанға дейiн 3 (үш) күннен кешiктiрмей, ал орындау мерзiмi 5 (бес) күннен аз тапсырмалар бойынша тиiстi хаттама түскен күннен бастап 1 (бiр) жұмыс күнi iшiнде жібереді. 

32. Тапсырманы орындау мерзімін ұзарту туралы қызметтік жазба тапсырма берген лауазымды тұлғаның атына орындаудың белгіленген мерзіміне дейін кемінде 3 (үш) күн бұрын енгізіледі.

33. ШҚД басшысы мен оның орынбасарларының тапсырмаларын уақтылы орындамағаны үшін, мерзімді бұзуға жол берген ведомстволық бағынысты кәсіпорынның басшысы, сол сияқты берілген тапсырманың орындалуын үйлестіруді жүзеге асыратын ШҚД-ның  құрылымдық бөлімшесі жауапты болады.

34. ШҚД басшылығының тапсырмаларын орындау туралы ақпаратты орындаушы электронды түрде ресімдейді және ЭҚЖ-де тіркеледі.

Баяндалған мәліметтердің дұрыстығына тапсырманың орындалуына жауапты болып табылатын ведомстволық бағынысты кәсіпорынның немесе құрылымдық бөлімшенің басшысы жауапкершілік алады.

35.ШҚД басшылығының бақылаудағы құжатын, бақылаудағы тапсырмасын тапсырма берген лауазымды тұлға бақылаудан алады.

36. Іс-шаралар жоспарлары мен тапсырмалардың, оның ішінде хаттамалық тапсырмалардың нақты тармақтарын бақылаудан алып тастауға мынадай негіздер болып табылады:

1) толық және сапалы орындалуы;

2) бұрын берілген тапсырманы қамтитын (қайталайтын) жаңа тапсырманың берілуі;

3) объективті мән-жайлардың туындауына байланысты тапсырманы орындаудың мүмкін болмауы;

4) орындалуын одан әрі бақылаудың басқа лауазымды тұлғаға, оның ішінде ведомстволық бағынысты кәсіпорынға берілуі.

37. Ведомстволық бағынысты кәсіпорындар орындаудағы барлық тапсырмаларға қайталануы мен өзектілігі тұрғысынан тоқсан сайын талдау жүргізеді. Қайталанатын және өзекті емес тапсырмалар болған жағдайда есепті тоқсаннан кейінгі айдың 10-ы күніне дейінгі мерзімде КЖҚҚБ-на тиісті ұсыныстар енгізіледі.

 

6-тарау. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау, азаматтарды қабылдауды ұйымдастыру

 

38. ШҚД-да жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес жүзеге асырылады. 

39. ШҚД басшысы мен оның орынбасарларының азаматтарды қабылдауы азаматтарды қабылдаудың бекітілген кестесіне сәйкес жүргізіледі.

 

7-тарау. ШҚД басшысының бұйрықтары жобаларын әзірлеу және келісу

 

40. Бұйрықтардың жобаларын дайындау мемлекеттік тілде жүзеге асырылады, қажет болған жағдайда, олардың әзірленуі орыс тілінде жүргізілуі мүмкін.

41. Бұйрықтардың жобаларына ШҚД басшысы/оның міндетін атқарушы адам қол қояды. 

42. Бұйрық жобасын ШҚД-ның құрылымдық бөлімшесі (орындаушы) әзірлейді және келісуге дейін орындаушы және осы құрылымдық бөлімшенің басшысы немесе оны алмастыратын тұлға бұрыштама қояды.

Алдын ала келісілгеннен кейін бұйрықтың жобасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін және заң техникасының сақталуын тексеру үшін заң басқармасына, сондай-ақ КЖҚҚБ -ға Қағидалар мен осы Регламент талаптарының сақталуын тексеру үшін енгізіледі.

43. ШҚД бұйрықтарды тіркеу  ЭҚЖ арқылы КЖҚҚБ жүргізіледі. Жеке құрам бойынша бұйрықтар тиісті журналдарда және «Е-қызмет» цифрлық жүйесінде тіркеледі.

44. ҚЖҚҚБ бұйрықтардың жүйелендірілуін және сақталуын қамтамасыз етеді.

45. Бақылау мен мониторингті жүйелеу мақсатында негізгі қызмет бойынша бұйрықтардың жобаларын әзірлейтін құрылымдық бөлімшелер енгізілетін өзгерістер немесе толықтырулар туралы ақпаратты жүйелеу не олардың күшін жою немесе оларды жою үшін негізгі қызмет бойынша салалық бұйрықтардың өз тізбелерін жүргізеді.

 

8-тарау. Қорытынды ережелер

 

46. Осы Регламенттің нормаларын тиісінше орындамағаны үшін ШҚД-ның лауазымды тұлғалары, құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты кәсіпорындарының басшылары дербес жауапты болады.

47. Осы Регламент талаптарының сақталуын бақылауды КЖҚҚБ жүзеге асырады.

48. Осы Регламентпен реттелмеген мәселелер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шешіледі.