2026 жылғы 16-17 қарашада ШҚД және оның ведомстволық бағынысты кәсіпорындарының жұмыскерлері үшін «Лаборатория Касперского» АҚ мамандарын тарта отырып, ақпараттық қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бойынша оқыту іс-шаралары өткізілді. Спикерлер ретінде «Лаборатория Касперского» АҚ өкілдері Әсет Ордабаев пен Андрей Громов сөз сөйледі.
16 қарашада ведомстволық бағынысты кәсіпорындардың жұмыскерлері үшін «Дербес деректер, кибергигиена және жасанды интеллект қауіпсіздігі» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
Оқыту барысында дербес деректерді қорғау, киберқауіптердің негізгі түрлері, әлеуметтік инженерия мен фишинг әдістері, ақпаратпен қауіпсіз жұмыс істеу қағидалары, сондай-ақ жасанды интеллект технологияларын пайдалану тәуекелдері қарастырылды. Күрделі техникалық эксплойттарды қолданбай-ақ ақпараттық жүйелерді бұзу жағдайлары мен кибершабуылдардың практикалық мысалдарына ерекше назар аударылды.
17 қарашада ШҚД жұмыскерлері үшін осындай тақырыптық семинар, сондай-ақ Kaspersky Interactive Protection Simulation (KIPS) интерактивті бизнес-симуляциясы өткізілді.
Симуляция аясында қатысушылар командалық форматта киберинциденттер туындаған кезде басқарушылық шешімдер қабылдау дағдыларын пысықтап, тәуекелдерді бағалады және ақпараттық ресурстарды қорғаудың басым шараларын айқындады.
Өткізілген іс-шаралар қызметкерлердің цифрлық сауаттылығын арттыруға, киберқауіптерге қарсы іс-қимыл жасаудың практикалық дағдыларын дамытуға және ақпараттық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Қызметкерлердің киберқауіпсіздік саласындағы хабардарлығын арттыру жөніндегі жұмыс тұрақты негізде жалғасатын болады.